» » 10 міндет. Қазақстан қандай салаларға басымдық бермек?

10 міндет. Қазақстан қандай салаларға басымдық бермек?

10 міндет. Қазақстан қандай салаларға басымдық бермек?

Картинки по запросу жолдау 2018Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауынжасады. Президенттің биылғы Жолдауында әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін Қазақ елі атқаруға тиісті 10 міндетті нақтылап берді. Осы орайда Baq.kz тілшісі аталған құжатта қандай салаларға басымдық берілгеніне талдау жасап көрді.
БІРІНШІ. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдымен өндіріске жаңа технологияларды енгізу маңыздылығына тоқталды.
Оның айтуынша, «көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Осыны ескере келе, Қазақстанға экономикалық дамудың жаңа жолдарын іздеу қажет. Осы орайда еліміз Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін өндіріске кеңінен енгізуге негіздеуі тиіс. Сондықтан Қазақстан қайта өңдеу секторына бас мән беретін болады.
Өз жолдауында Елбасы бірнеше отандық кәсіпорындардың базасында жұмысты жеңілдетіп, әрі еңбек өнімділігін арттыратын жаңа инновациялық әдістерді жүзеге асыратын пилоттық жобаларды жүзеге асыру қажеттігін жеткізді.
«Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. Бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс. Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.
ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.
Қазақстан президенті қазіргі таңда әлемде табиғи ресурстарға деген мұқтаждық жалғаса беретінін атап өтті. Оның айтуынша, келешекте жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ресурстар ерекше маңызға ие болады.
Сондықтан Қазақстан баламалы энергетика саласын дамыта беретін болады. Осы орайда Президент «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңыздылығын айта келе, облыс әкімдеріне арнайы тапсырма берді.
«Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек», - дейді Мемлекет басшысы.
ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.
Мемлекет басшысы аграрлық саланы жаңа бағытта дамыту қажеттігіне тоқталды. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық университеттердің рөлін қайта қарауға, олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін әрі ғылыммен айналысатын білікті мамандарды дайындау қажеттігін жеткізді.
«Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі. Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады», - деді президент.
Сонымен қатар Елбасы өз Жолдауында мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілету қажеттігін тапсырды.
Оның пікірінше, бұл жұмыс қазақстандық өнімдердің шетелдегі танымалдылығын арттырады.
«Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру.
Қазақстан – көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамыта бермек. Осы орайда Елбасы Қазақстан жолдарында жүктердің кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажеттігін жеткізді.
«Интеллектуалды көлік жүйесі көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар президент еліміздегі автожолдардың сапасын арттыру үшін қомақты қаражат бөлуді тапсырды.
«Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек», - деді Елбасы өз Жолдауында.
БЕСІНШІ. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.
Алдымен Мемлекет басшысы елімізде тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұл қазақстандықтарға өз баспаналы болуға мүмкіндік беруде.
Президенттің айтуынша, баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Ал бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек.
Осы міндетті орындау үшін Елбасы құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, әрі ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану қажеттігін тапсырды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев ғиматтарды салу кезінде оның сапасына баса мән беруді және оларға интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу қажеттігін айтты.
«Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек», - деді Елбасы өз Жолдауында.
Сонымен қатар президент өңірлердегі әкімдерге тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуді тапсырды.
АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».
Биылғы жолдауында Мемлекет басшысы еліміздегі банктердің жауапкершілігі артта түсетінін айтты.
Сонымен қатар Елбасы Ұлттық банк пен Үкіметке арнайы тапсырма берді.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруту мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс істей бастағанын жеткізді.
ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру негізі.
Алдымен Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық оқушыларға берілетін тапсырмалардың көлемін азайтуды тапсырды.
Кейін президент орта білім беру саласының жаңартылған білім беру мазмұнына көшкенін, мұғалімдер жалақысы мен зейнеткерлердің зейнетақысы өсетінін жеткізді.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін қазіргі заманға лайықтау қажеттігін, әрі қазақстандықтар үшін орыс тілін білу маңызды болып қала беретінін атап өтті.
Сондай-ақ Елбасы жастарға жоғары білім беру саласында жасанды интеллекпен және ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейтуді, әрі жас ғалымдарымда ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуді тапсырды.
Биылғы Жолдауында Қазақстан президенті халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетінін айта келе, медициналық қызметтің сапасын арттыру қажеттігін тапсырды.
Назарбаев еліміздің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетінін, аталған жүйенің жұмыс істейтініне күмәнданбайтынын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жетінші міндетінде Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор екенін хабарлады.
Президенттің айтуынша, Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшей береді әрі мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толық орындайды.
Осы орайда Назарбаев биыл Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеге жеткенін айтты.
СЕГІЗІНШІ. Тиімді мемлекеттік басқару
Алдымен Президент мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды және табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру бағытында жұмысты жалғастыру беру қажеттігін тапсырды.
Кейін Назарбаев Үкіметке бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындауға арнайы тапсырма берді.
Сонымен қатар Елбасы әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керектігін жеткізді. Ал үнемделген қаражатты президент мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағыттауға кеңес берді.
Осы орайда Назарбаев Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда аталған жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыруды тапсырды.
ТОҒЫЗЫНШЫ. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.
Назарбаев Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрес жалғаса беретінін жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жүргізе беруді тапсырды.
ОНЫНШЫ. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.
Алдымен Елбасы биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы аталып өтілетінін айтты. Осы орайда Елбасы заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі қалалар инвесторлар үшін бәсекеге түсіп жатқанын хабарлады.
Сондықтан Елбасы Астана қаласының тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, еліміздегі қалалар арасында аталған бағытта озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау қажеттігін жеткізді.
Дәурен ЕРБОЛАТ
13 қаңтар 2018 ж. 208 0