» » "Алаш мұрасы әлі толық ашылмады"

"Алаш мұрасы әлі толық ашылмады"

"Алаш мұрасы әлі толық ашылмады"





Суретте бірінші қатарда отырғандар (солдан оңға қарай): Жақабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков. Екінші қатарда: сол жақтан екінші Мұқан Жәкежанұлы, одан соң үшінші - Көкбай Жанатайұлы тұр. Семей, 1918 жыл. (Сурет Болат Мүрсәлім құрастырған "Алашорда" жинағынан алынды.)
Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мұраларын ақтау процесінің басталғанына биыл отыз жыл толады. Зерттеушілер саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үрдісі Мәскеуде басталғанына қарамастан Қазақстанда оған байланысты айтыс-тартыс көп болғанын айтады.
1988 жылы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты "Совет өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан "Алашорда" қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне" қатысты ОГПУ-дің (СССР кезіндегі саяси жазалаушы орган – Азаттық.) 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Абдолла Байтасов, Дамолла Битiлеуов, Хайретдин Болғанбаев, Ғазымбек Бiрiмжанов, Дiнмұхамед Әділов, Міржақып Дулатов, Хәлел Ғаббасов, Мирза-Ғазы Есполов, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Кәрім Жәленов, Ахмед-Сафа Юсупов пен тағы басқалар туралы қаулысының күшi жойды.
"Алашорда" қайраткерлері туралы фотогалерея:
Алашорда қайраткерлеріАлашорда қайраткерлері
Жоғарғы сот шешімінде ОГПУ айып таққан әлгі адамдардың тергеу ісінен "қылмыстық әрекеттер табылмағаны" және "тергеу орындарының өрескел бұрмалаушылықтар мен заңсыздықтарға жол бергені анықталғаны" айтылған. Бұған қоса Жоғарғы сот "Алашорда" қайраткерлерінің жазған шығармаларында совет билігіне қарсы үгіт-насихат болмағаны туралы әдеби сараптама қорытындысын назарға алған.
АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫН АЗАМАТТЫҚ ТҰРҒЫДА АҚТАУ
Алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай 1988 жылғы қарашаның 4-інде қабылданған шешімге Алаш қайраткерлерін азаматтық тұрғыда ақтау туралы 1988 жылы 24 сәуірдегі Жоғарғы сот шешімі бастау болғанын айтады.
Жазушы Тұрсын Жұртбай.
Жазушы Тұрсын Жұртбай.- 1988 жылдың басында Қазақстан Жазушылары одағының жетекшісі Олжас Сүлейменов мені шақырып алып, "Алаш қайраткерлерін ақтайтын кез туды. Жазушылар одағының қасынан құрылатын құқықтық комиссияға осы мәселелерді деректер жинап ұсын. Біз соны көтереміз" деді. Әу баста комиссияға төрағалыққа Салық Зиманов ұсынылған еді, бірақ ол кісі уақыты жоғын айтып бас тартты. Сөйтіп, құқықтық комиссия төрағасы болып қала бердім, - деп еске алады ғалым.
azattyq.org сайтынан алынды
15 қаңтар 2018 ж. 35 0