» » Білім берудің жаңа сапасы-рухани жаңғыру негізі

Білім берудің жаңа сапасы-рухани жаңғыру негізі

31 наурыз күні Алматы қаласында Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы және М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының бірлесе ұйымдастыруымен «Білім берудің жаңа сапасы-рухани жаңғыру негізі» атты конференция болып өтті. 
Конференция аясында оқушыларға арналған «Кел, балалар, оқылық!» Ы.Алтынсарин оқуларының І Республикалық байқауы және «Ғылымға қадам-болашақ кепілі» атты ІІІ Республикалық ғылыми жоба байқаулары ұйымдастырылды. Конференцияға100-ге тарта мұғалім, мәнерлеп оқу сайысы бойынша 150-ден аса оқушы және ғылыми жоба бойынша 30-ға жуық оқушы қатысты.

Конференция М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының оқу әдістемесі бойынша проректоры Ұлан Сансызбайұлының құттықтау сөзімен ашылды. Ары қарай Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының директоры Назгүл Жолтаева орталықтың жасап жатқан жұмыстары, конференцияның негізгі мақсатымен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Конференция барысында Ж.Егізбаев, А.Раева және Ж.Шыныхтар арнайы тренингтер ұйымдастырып, жаңартылған білім мазмұны бойынша өздерінің тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ, «Кел, балалар оқылық!» мәнерлеп оқу байқауында қазақ және орыс мектептерінен келген оқушылар арнайы екі топқа бөлінді. Байқау «Өнер,білім бар жұрттар» атты Ы.Алтынсарин өлеңдерін мәнерлеп оқу және «Оқысаңыз, балалар» жас ақындар номинациясы бойынша екі кезеңнен тұрды. 3-10 сыныптар аралығында қатысуға ниет білдірген оқушылар екі кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. Ал, «Ғылымға қадам-болашақ кепілі» атты ғылыми жоба байқауына еліміздің әр тарапынан келген жаңашыл жастарымыз өз жобаларын ұсынды.

Конференция соңында жүзден жүйрік болып оза шапқан оқушылар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталып, барлық қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Ал конференцияда баяндама оқыған мұғалімдерге диплом, ал қатысушыларға алғыс хаттар берілді. Шара соңында «Шабыт» би ансамблі және эстраданың жарқын жұлдыздары Б.Нұрмышова және Е.Орынбасаровтар өнер көрсетті.

Жарқынай Дәулетияр
04 сәуір 2018 ж. 273 0